Үкімет кулуарында Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков жеңілдігі бар жаңа ипотекалық бағдарламаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.
Журналистер бастапқы жарнасы 10 пайыз болатын бағдарламалар қазірдің өзінде бар екенін атап өтті. Бұл – "2-10-20" және "5-10-25" сияқты тұрғын үй бағдарламалары.
Тілшілер дайындалып жатқан жаңа бағдарлама несімен ерекшеленетінін сұрады.
""7-20-25", "Наурыз" сияқты басқа бағдарламалар бар. Онда бастапқы жарна жоғарырақ – 20 пайыз. Сондықтан біз қазір қарыз тартудың нарықтық механизмін көздейтін, бастапқы жарнасы 10 пайыз болатын тетікті пысықтап жатырмыз", – деді Бақытжан Жүнісбеков.
Құрылыс комитетінің төрағасы бұл жұмыстың "Отбасы банкімен" бірге жүргізіліп жатқанын қайталап айтып өтті. Ол бағдарламаның басқа тетіктер арқылы да іске асуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Мысалы Қазақстан тұрғын үй компаниясы арқылы жүзеге асуы ықтимал.
Сонымен қатар БАҚ өкілдері бірқатар қаржы ұйымында қазір тұрғын үй құрылыс жинақ бағдарламалары бар екенін атап өтіп, аталған жаңа бағдарламаға басқа банктер қатысатыны-қатыспайтынын сұрады.
"Біз пысықтап жатқан тетік осындай құрал қарастырылған екінші деңгейлі банктерді де тартымды етуді көздейді", – деп түйіндеді сөзін спикер.
Еске сала кетейік, бұған дейін Өнеркәсіп министрлігі 10 пайыз бастапқы жарнамен берілуі мүмкін жаңа бағдарлама туралы айтқан еді.
